5 қыркүйек күні Абай атындағы аудандық кітапханада Қазақстан халқы тілдері онкүндігінің салтанатты ашылуы өтті. Дәстүрлі түрде 2018 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл іс-шара қазақтың қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» партиясының мүшесі, ағартушы, ғалым-лингвист, әдебиеттанушы, түркітанушы, ақын әрі аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай ұйымдастырылады.
Онкүндік аясында «Ахмет Байтұрсынұлы – Тілдің тірегі, Ұлт ұстазы» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Ахмеджанов С.К., қала мектептерінің ұстаздары, жоғары сынып оқушылары мен кітапханашылар қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Ахмеджанов С.К. қатысушыларды құттықтап, іс-шараның маңызына тоқталды. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған мазмұнды баяндамаларымен А.Б. Темірханова және С.О. Анисова сөз сөйледі.
Іс-шара барысында ағартушының өмір жолы мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетіліп, Балалар музыка мектебінің қызметкерлері қонақтарға музыкалық нөмірлер ұсынды. Кеш қонақтары мерекелік көңіл-күйге бөленді.
Қазақстан халқы тілдері декадасы – достықты дәріптейтін, ұрпақты өзге мәдениеттерді құрметтеуге тәрбиелейтін, жаңа идеялар мен шығармашылық бастамаларға жол ашатын игі дәстүр.

Қараулар: 356






